2026 жылғы 14–16 қазан аралығында Астана қаласында ерекше білім беру қажеттіліктері бар 10–16 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдерді біріктіретін «Жұлдызай-26» ұлттық инклюзивті ойындарының республикалық жарыстары өтеді.
Биыл қатысушылар спорттың тоғыз түрі бойынша бақ сынайды: жеңіл атлетика, мини-футбол, блайнд-футбол, үстел теннисі, шоудаун, ұлттық спорт түрлері — асық ату, бес асық, тоғызқұмалақ және киберспорт.
«Жұлдызай-26» ойындарының ерекшелігі — спорттық бағдарламаға жаңа бағыттардың қосылуы. Биыл алғаш рет жарыс бағдарламасына киберспорт пен блайнд-футбол енгізілді. Бұл қатысушыларға жаңа спорт түрлерінде өз мүмкіндіктерін сынап, қабілеттерін көрсетуге мүмкіндік береді.
Ойындарды «Жұлдызай и К» ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға көмек көрсету қоғамдық қоры Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті бекіткен 2026 жылға арналған бірыңғай республикалық спорттық-бұқаралық іс-шаралар күнтізбесі аясында ұйымдастырады. Іс-шара Қазақстан Республикасының Ұлттық паралимпиада комитеті мен өңірлер әкімдіктерінің қолдауымен өтеді.
Ойындарға жыл сайын арнайы білім беру ұйымдарында оқитын, үйде білім алатын, сондай-ақ жалпы білім беретін мектептердің инклюзивті сыныптарында оқитын балалар қатысады. «Жұлдызай» ойындары балаларға спортта өзін көрсетуге, жаңа достар табуға және инклюзивті қоғамдастықтың бір бөлігі болуға мүмкіндік береді.
Республикалық финал қарсаңында өңірлерде дене шынықтыру және спорт басқармаларымен бірлесіп іріктеу турнирлерін өткізу жоспарланып отыр. Оның қорытындысы бойынша үздік спортшылардан командалар жасақталып, олар Астанада өтетін жарыстарда өз өңірлерінің намысын қорғайды.
Ойындардың бағдарламасы
- 13 қазан — қатысушылардың келуі және қонақүйлерге орналасуы; сағат 17:00 — мандаттық комиссия.
- 14 қазан, сағат 10:00 — Ойындардың салтанатты ашылуы.
- 14–15 қазан — спорттық жарыстар мен мәдени бағдарлама.
- 16 қазан, сағат 11:00 — Ойындардың салтанатты жабылуы.
- 16–17 қазан — қатысушылардың кері қайтуы.
Ойындардың регламенті мен қатысу шарттары туралы толық ақпарат ресми сайтта жарияланған: sport.juldizai.kz.
«Жұлдызай» Ұлттық инклюзивті ойындарының бас серіктестері — BI Group құрылыс холдингі, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ және Sport Qory спортты қолдау қоры. Инклюзивті ойындардың өтуіне өңір әкімдіктері, олардың спорт және білім басқармалары, сондай-ақ спорт федерациялары да қолдау көрсетті. Ақпараттық серіктес — «Qazsport» телеарнасы.
«Жұлдызай» Ұлттық инклюзивті ойындары адаптивті спортты дамытуға, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдауға және елдің спорттық әрі қоғамдық өміріне қатысу үшін тең мүмкіндіктер жасауға бағытталған.
